Париж Олимпиадасына қатысатын ең жас қазақстандық спортшы туралы не белгілі?

Автор: Azattyq Rýhy

Париж Олимпиадасында таеквондодан 128 спортшы бақ сынайды

Фото: Olympic.kz

Парижге аттанатын қазақстандық делегация сапындағы ең жас спортшы – Батырхан Төлеуғали. Таеквондодан ұлттық құрамаға енгеніне сегіз ай да толмаған атлет төртжылдық додасында ел намысын абыроймен қорғауға бекініп отыр. Қазақстан таеквондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Бесбаев әңгімелеп берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Париж Олимпиадасында таеквондодан 128 спортшы бақ сынайды. 64 әйел мен 64 ер адам сегіз салмақ дәрежесінде чемпиондар мен жүлдегерлер есімін анықтамақ. Қазақстан командасы спорттың бұл түрінен екі жолдама жеңіп алды. Екі квота да наурызда Қытайдың Тайань қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде қоржынға түсті.

Батырхан 80 келі салмақта бақ сынап, 17 жасында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған атлет. Бұл - спортшының ересектер арасында қатысқан санаулы жарыстарының бірі ғана. Себебі, ол ұлттық құрамаға 2023 жылдың желтоқсанында қабылданып, бұған дейін жасөспірімдер командасында өнер көрсеткен. Федерация Бас хатшысы Олжас Бесбаевтың айтуынша, іріктеу жарысына жастарды апару – ұйымның басты стратегияларының бірі болған.

«Батырхан Төлеуғали біздің құрама сапындағы ең жас спортшы. Ол 25 шілде күні 18 жасқа толады. Бұл атлетті таңдар кезде біз көп нәрсені қаперге алдық. Алдымен, команданы жасарту, жастарға орын беру сынды федерацияның стратегиясы болды. Екіншіден, Батырханның әлеуеті барын біз жастар командасында жүрген кезінде-ақ байқадық. Көзінде от, кеудесінде рухы бар жігіт.

Жазғы Азия ойындарына апарсақ деген ойымыз болған. Бірақ жастар құрамасымен жаттығу жиынында жүргендіктен, сәті түспей қалды. Одан бөлек, 80 келідегі спортшыларға да мүмкіндік беруді жөн көрдік. Бұған дейін қазақстандық таеквондошылар аталған салмақта Олимпиада түгілі, іріктеу турнирлеріне де қатыспапты. Таңдау жасар кезде бапкердің ішкі сезімі де әсер етті. Қанша дегенмен, қай баланың алысқа баратынын бапкер сезеді ғой. Нұрсұлтан Мамаев пен Ким Кванг Су жас таеквондошыда үміт барын байқады.

Міне, осының бәрі Олимпиадаға іріктеу сынына 17 жастағы спортшыны жіберіп, тәуекелге баруымызға себеп болды. Өйткені, бұл таеквондодан ең соңғы мүмкіндік едік. Егер Тайаньда ұтылсақ, Олимпиададан сырт қалатынымыз анық. Бірақ біз Батырханға сендік, сенім алдамады. Дегенмен, алда Олимпиада тұр қол бұлғап. Біз жолдың жартысына де жетпедік», - дейді бас хатшы.

Жас спортшы бас құрамаға да етене сіңіп кеткен. Елу мыңға жуық адамнан құралған отандық таеквондошылар отбасы аягөздік бозбаланы құшақ жая қарсы алды. Алғашында көп нәрседен именген жас жігіт көп ұзамай ересектер арасында да жалындай бастады. Маманның айтуынша, Батырхан Төлеуғалиде спортшыға керекті қасиеттің бәрі бар. Тіпті, оны модель қылып, әлемдік брендтердің бет-бейнесіне айналдырса да, артық емес.

«Біздің Батырханда бәрі бар. Бой десең – бой, ой десең – ой жетеді. 190 сантиметр бойы. Ал таеквондода бой мен аяқтың ұзындығы көп нәрсеге әсер етеді. Физикалық дайындығы да жақсы. Былтырғы желтоқсанда ұлттық құрамаға қабылданып, содан бері физикалық тұрғыдан біршама өсті. Ал оның ең басты қасиеті – батылдығы дер едім. Батырхан өте батыл, жүректі жігіт. Рухы да өте биік. Ешкімнен қорықпайды, жүрек бар.

Батырхан туралы әлемдік қарсыластары көп ақпарат білмейді. Ірі ресми жарыстарға қатысып үлгермеді. Жас болғандықтан, Мамаев бастаған бапкерлер оның өзіндік стилін қалыптастырып жатыр. Қазір бұл іс те аяқталуға жақын, Будапештте (Венгрия) соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң  - Париж. Батырханның әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз: «Тарихты өзгерту керек...», - деп жазылып тұр. Бұл жігіт соңғы бір жылда тек осы оймен өмір сүріп жатыр.

Мақсаты – биік. Оны отбасы, бапкерлері, командаластары, тіпті, бүкіл қазақ елі қолдап отыр», - дейді жас спортшы туралы толғанған Бесбаев.

Спортшының жастығы, Олимпиада сынды дүбірі бөлек жарысқа алғаш қатысуы психологиялық тұрғыдан үлкен жүк болары анық. Жауапкершіліктен жанып кететін атлеттерді де көп кездестіріп жүрміз. Федерация өкілінің айтуынша, спортшы бұл кезеңнен өтіп кеткен. Себебі, үлкен қысым негізінен іріктеу турнирінде сезіліпті.

«Қысым артта қалды. Қытайдағы Олимпиадаға іріктеу турнирін нағыз қысымның ортасы деп айта аламын. Неге? Себебі, бұл ең соңғы лицензиялық жарыс еді, егер осында жолдамасыз қалсақ, әрі қарай мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, әрбір команда сегіз олимпиадалық салмақтың тек төртеуінде ғана спортшыларды қатыстыра алады.

Тұтас командадан тек төрт таеквондошыны таңдайсың, қалың қауымнан қара үзіп шыққан атлет бар үміттің өзінде екенін біледі. Жеңілуге болмайтынын, артқа шегінер жол жоқтығын ойлағанда, көп спортшының «жанып» кететіні де рас. Біз бұл қиындықтың  барлығынан өттік. Қазір әлдеқайда жеңіл десек, артық айтқаным емес. Олимпиададағы қысым мен жауапкершілік негізінен чемпиондар мен рейтингте көш бастап тұрған спортшыларға артылады. Олар өз атақтарын қорғау үшін жанталасады.

Ал біз Батырханды жабу астында ұстап отырмыз. Тайандағы іріктеу турнирі есіме түсіп тұр. Бірінші кездесуден соң біз қатты қобалжыдық. Келесі қарсылас қарымды еді. Сонда бапкерден басқа Батырханның қасына ешкім жолаған жоқ. Нұрсұлтан Мамаев үш сағат бойы спортшының жанынан бір елі кетпей, Батырханды лицензияға алып келді», - дейді Олжас мырза.

Қазіргі таңда таеквондошылардың дайындығына мемлекет тарапынан бүкіл жағдай жасалған. Командада психолог, нутрициолог, жалпы дене жаттығуының мамандары бар. Сондай-ақ, федерацияның ықпалымен дене жаттығуына жауап беретін нидерландтық маман көмектесуде. Элиталы спортшыға қажетті керек-жарақтың бәрімен спортшылар толық қамтылған.

Батырхан Төлеуғалидің тек тәжірибесі ғана аздық етеді. Спортшыны атақты қарсыластармен айқасуға үйрету үшін ұлттық құрама бапкерлері түрлі қадамдарға барып жатыр. Мәселен, жақында Францияда өткен турнирдің финалында Батырхан Төлеуғали екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Алессио Симонемен  терезесі тең өнер көрсеткен.

«Бұл жарыс жайлы біз ешкімге айтпадық. Үш апта бұрын Францияда өтті. Сол турнирдің финалында Батырхан екі дүркін әлем чемпионы Алессио Симонемен кездесті. Бірінші раундта 3:4 есебімен жеңілді, екінші раунд 0:0  болып аяқталды.

Италиялық спортшы біздің Батырханды арнайы іздеп келген екен. Себебі, ол туралы мәлімет аз, жекпе-жектерінің видеосы жоқ. Бұл кездесуде спортшымыз баррын салған жоқ. Тактикалық әдістерді де көрсетпедік. Бапкерлер барлық құпияны ашуға рұқсат берген жоқ. Жоғарыда айтқандай, жабу астында ұстап жүрміз. Франциядағы жарыс біздің спортшыға айтарлықтай сенім сыйлады. Әлем чемпиондарын да жеңуге болатынын түсінді.

Одан бөлек, аз уақыт біршама бақылау матчтарын өткізіп үлгерді. Испанияда алты елдің қатысуымен оқу-жаттығу жиынынан өттік, өзбекстандық әріптестер де көмекке келді. Енді Олимпиадада ең бірінші кездесуден бастап, финалға дейінгі қарсыластардың осалы болмайды. Мұны Батырханға әбден түсіндірдік. Өзі де  жарысты, тұғырды сезіне бастады. Бір сөзбен айтқанда - дайынбыз», - дейді федерация бас хатшысы.

Париж Олимпиадасында таеквондошылар 7-10 тамыз аралығында сынға түседі.