Депутат тоғызқұмалақ ойынының тарихи атауын қайтаруды ұсынды

Автор: Аубакирова Нургуль

Тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы –  тоғызат

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова  тоғызқұмалақ ойынының тарихи атауы «Тоғызатты» қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Нұрымова Президент биыл елімізде өтетін ауқымды шараның бірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы өткізуді тапсырғанын атап өтті. Осыған орай, депутаттар аталмыш ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселенің басын ашуды жөн санаған. Ол "тоғызқұмалақ" спортының атауы. 

"Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ мұрасы, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ойын соңғы жылдары барынша жоғары деңгейде дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, әлемге танымал болды. 2020 жылы халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралар тізіміне қосты. Бүгінде бұл ойынның екі атауы бар", - дейді Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын «тоғызкөргөл» деп аталады. Осылайша, аталмыш спорт түрі әлемдік аренада екі түрлі атаумен жұртшылықты шатастырады.

"Ғалымдардың, этнографтардың және зерттеушілердің пікірі бойынша, XIX ғасырда бұл ойынның жаплытүркілік атауы «Тоғызат» деп аталған. «Тоғызқұмалақтың» атауы әуелден «Тоғызат» екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атаулары да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этномәдени ойыны спортқа ғана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр. Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен тарихи «Тоғызат» атауын қалпына келтіру шараларын қолға алу қажет»,– деді депутат.

Нұрымованың пікірінше, бұл спорттың алға басуына жол ашып, әлемдік назар аудартататын еліміздің лайықты бренді болары күмәнсіз.