Рыбакинаның әлемдік рейтингтегі нәтижесі жақсара түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Индиан-Уэллстегі турнирдің жартылай финалында әлемнің бірінші ракеткасы Ига Свентекті жеңді

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі (АҚШ) WTA 1000 санатындағы турнирдің финалына шығуы және грекиялық Мария Саккариді белорус Арина Соболенконың жеңуі нәтижесінде әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Рыбакина WTA Live рейтингінде 10-орыннан 8-орынға көтерілді. Елена титулды жеңіп алса, басқа теннисшілердің нәтижесіне қарамастан әлемнің жаңа жетінші ракеткасы болады. Ол осыған дейін ешқашан 10-сатыдан жоғары көтерілген емес», - деп хабарлайды спорт басылымы.

Еске салайық, Индиан-Уэллстегі турнирдің жартылай финалында Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы польшалық Ига Свентекті жеңіп, спорттық карьерасында алғаш рет финалға шықты, ал Соболенко Саккариді - 6:2, 6:3 есебімен ұтты.