Қазақстандық спортшы кәсіби карьерасында бас-аяғы 17 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын жеңіспен аяқтаған
Қазақстандық Шавкат Рахмоновтың соңғы жекпе-жегінен кейін АҚШ-та танымалдығы артты. Спортшының кәсіби карьерасына қызығушылық танытып жатқандардың қатары көбейді. Жақында ғана UFC турнирінде Джефф Нилмен күш сынасып, қылқындыру әдісімен уақытынан бұрын жеңген отандасымыз жекпе-жекті үшінші раундта аяқтаған еді. Рахмонов үшін бұл UFС-дегі бесінші жекпе-жек болды. Azattyq Ruhy тілшісі Шавкат Рахмоновтың осыған дейін өткізген кездесулеріне шолу жасап шықты. Отандасымыз кәсіби карьерасында барлығы 17 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын женген.
ШАВКАТ РАХМОНОВТЫҢ UFC-ГЕ ДЕЙІН ӨТКІЗГЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ...
Шавкат Бақтыбайұлы – аралас жекпе-жек әлемінде ең беделді ұйым саналатын UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсетеді және бұрынғы жартылай орта салмақтағы M-1 чемпионы. 2023 жылғы 5 наурыздағы мәлімет бойынша қазақстандық спортшы UFC-дің жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінде 6-орында тұр. Өзбекстанда дүниеге келген отандасымыз қазір Қазақстан азаматтығын алды. Ол кіші жүзге жататын Алтынбай руынан шыққан.
Рахмонов әуесқой лигада жүргеннің өзінде WMMAA әлем чемпионы және Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Шавкаттың кәсіби карьерасы 2014 жылдың қазан айында басталған. Ол M-1 Challenge 52 турнирінде Адам Цуровты қылқындыру әдісімен жеңген. Спортшымыз М-1 туының астында өнер көрсетуді жалғастырып, жеті кәсіби жекпе-жегін осы жерде өткізді. Ал қалған бес жеңісіне Қазақстан Аралас жекпе-жек федерациясында (KZMMAF) жүріп жетті.
Отандасымыз жартылай орта салмақтағы KZMMAF белбеуі үшін Фаридун Одиловқа қарсы күресте алғашқы кәсіби атағын алды. Осы кездесуінде де үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, титулды иеленген.
Рахмонов 2013 жылы WMMAA нұсқасы бойынша әуесқой ММА әлем чемпионы, 2014 жылы Азия чемпионы атанды. 2015 жылы Рахмонов WMMA әлем чемпионатында Гаджимурад Хирамагомедовтен жеңіліп, екінші орынды иеленді. Осылайша, Гаджимурад Хирамагомедов Рахмоновты әуесқой ММА-да жеңген жалғыз адам.
Рахмонов 2018 жылдың желтоқсанында Ринат Саяқбаевқа қарсы Battle of Nomads 11 турнирінде өз белбеуін қорғады, ал жаңа жылдың басында М-1-ге қайта оралды. Кейін Данила Приказамен M-1 Challenge 101-де жартылай орта салмақтағы М-1 титулы үшін кездесті. Шавкат жекпе-жекті екінші раундта техникалық нокаутпен аяқтап, белбеуді жеңіп алды. Аймақтық аренадағы соңғы кездесуінде Рахмонов M-1 Challenge 102-де бірінші раундта Тиаго Варежаоны жеңіп, жартылай орта салмақтағы М-1 чемпионы атағын қорғады.
UFC АЯСЫНДАҒЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРІ
Рахмонов UFC-мен келісімшартқа жасасқан алғашқы қазақстандық спортшы атанды және 2020 жылдың 21 наурызында UFC Fight Night кешінде Бартош Фабинскиймен кездесуі керек еді. Алайда COVID-19 пандемиясына байланысты турнир тоқтатылды.
Сондай-ақ Шавкат Рамазан Эмеевпен 2020 жылдың 26 шілдесінде UFC en ESPN турнирінде кездеседі деп күтілген. Бірақ шілде айының басында Рахмонов жарақат алып, орнына Никлас Стольце келгені белгілі болды.
Кейін ол Элизеу Залески дос Сантуспен 2020 жылдың 24 қазанында UFC 254-те күресуі керек еді. Қыркүйек айының соңында Залескидің жарақат алуына байланысты оның орнына Алекс Оливейра келді. Салмақ өлшеу рәсімінде Оливейраның салмағы екі фунтқа асып түсіп, спортшыға айыппұл салынды. Рахмонов жекпе-жектің бірінші раундтында қарсыласын қылқындырып, жеңіске жетті.
Бір жылдан кейін 2021 жылы 26 маусымда Шавкат Рахмонов Мишель Празериспен кездесті. Бұл кездесуінде де қазақстандық спортшы екінші раундта тұншықтыру әдісімен жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады. 2022 жылдың 5 ақпанында Рахмонов Карлстон Харриспен кездесіп, бірінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.
Бес жекпе-жекке жоспарланған жаңа келісімшарттың алғашқы кездесуінде Шавкат 2022 жылы 25 Маусымда Нил Магнимен кездесіп, екінші раундта қарсыласын жеңді.
Рахмонов Джефф Нилмен 2023 жылдың 14 қаңтарында кездесуі керек болды, бірақ 29 желтоқсанда Нилдің жарақатына байланысты жекпе-жек басқа уақытқа ауыстырылды. Үшінші наурызда өткен салмақ өлшеу рәсімінде Джефф Нил салмағы 175 фунт, жартылай орта салмақ шегінен 4 фунтқа асып түсті. Нәтижесінде жекпе-жек аралық салмақта өтті. Нилге айыппұл салынып, ол Рахмоновқа сыйақысының 30%-ын берді. Шавкат Рахмонов жекпе-жекті үшінші раундта тағы да қылқындыру әдісімен уақытынан бұрын жеңді.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-дің «жыл жекпе-жегі» үшін рекордтық деңгейде гонорар алды. Sports.kz порталының жазуынша, Рахмоновтың бұл жекпе-жегінің жалпы ақысы 161 500 долларды құрады (30 000 доллар – кепілдендірілген төлем, 6 000 доллар – демеушілік бонус, 25 500 доллар – Нилдің 30% ақысы, 100 000 доллар – «жекпе-жек кешінің ең мықты кездесуі» үшін екі есе бонус).
UFC комментаторлары трансляция кезінде бұл жекпе-жекті бірнеше рет «Жыл жекпе-жегі» деп атады. Қазақстандық спортшы кездесуден кейінгі сөзінде кез келген жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді.