Қысқы Универсиаданың соңғы күні қазақстандықтар тағы үш медаль иеленді

Автор: Әйгерім Ердәулет

Спортшыларымыз 2023 жылғы қысқы Универсиадада бас-аяғы 11 медаль еншіледі

Қысқы Универсиаданың соңғы күні қазақстандықтар тағы үш медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл жолы шорт-тректен ерлер құрамасы 5000 метр қашықтықта екінші орынды иеленді. Бірінші орынға Оңтүстік Корея командасы жайғасса, қола медаль Нидерландыға бұйырды. Қазақстандық команда құрамында Санжар Жанисов, Антон Хван, Әлішер Әбілқамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұханов және Валерий Клименко өнер көрсетті.

Сондай-ақ, хоккейден Қазақстанның студенттер құрамасы Жапонияға қарсы матчта айтулы жеңіске жетті. Жапондықтар қақпасына қатарынан 8 шайба салып, біздің хоккейшілер қола медаль иеленді. Қазақстан құрамасынан шайба салғандар қатарында Максим Мұхаметов (3 шайба), Саян Данияр, Әлихан Өмірбеков, Батырлан Мұратов, Әли Қасенов және Данил Бутенко болды.

Қазақстандық шаңғышы Ксения Шалыгина жаппай старт жарысында эстониялық және америкалық спортшыларға есе беріп, қола медаль иеленді.

Қазақстандық спортшылар 2023 жылғы қысқы Универсиадада бас-аяғы 11 медаль: үш алтын, төрт күміс және төрт қола еншіледі