Петропавлда балалар шұрық-тесік спорт стадионында жаттығуға мәжбүр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жергілікті әкімдік нысанды жөндеуге тағы ақша сұрап отыр

Петропавлда балалар жаттығып жүрген футбол алаңының жағдайы сын көтермейді. 2020 жылы күрделі жөнделген нысан арада 2 жыл өтпей қайта бүліне бастаған. Жасанды шөп жыртылып, астындағы төсеме ойылып қалған. Осыған қарамастан «Қызылжар» футбол орталығының тәрбиеленушілері жаттығуды үзбей жалғастырып келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛМАЙДЫ

Жабық манеж балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағындағы «Жастар» стадионында орналасқан. Оны облыстық «Қызылжар» кәсіби футбол клубының футбол мектебі жалға алып отыр. Нысанда 800 бала жаттығады. Жұмыс кестесі тығыз. Күніне бірнеше топ келеді. Ата-аналардың айтуынша, алаңнан бірі шығып жатса, екіншілері кіреді. Көпшілік қарапайым санитарлық талаптардың сақталмайтынына шағымданды. Себебі залды желдетіп үлгеру мүмкін емес. Іштегі тердің иісі аңқаны қабады.

«Менің баламның жаттығуға келіп жүргеніне көп уақыт болған жоқ. Дегенмен, мұнда бұрыннан үлкен проблема барын бірден аңғардық. Жабық манеждің жағдайы адам шошырлық. Шұрық-тесік. Ұлым күнде құлағанын айтып шағымданып келеді. Жарақат алған балалар бар деп естідім. Мынадай нысанда әлемдік спорт додаларында еліміздің намысын қорғайтын ұрпақты қалай тәрбиелеуге болады? Менің білуімше, бұл жерде балалардан бөлек, ересектер де ойнайды. Себебі манеж жалға беріледі. Сондықтан жасанды жасыл төсеменің беткі қабаты тез тозып қалған. Бұл жерден гөрі балалардың далада жүргені қауіпсіз деп ойлаймын. Баламды жаттығуға жібермейін десем, жылайды. Амалсыздан көніп жүрміз», - дейді Ольга Малышева есімді ата-ана.

КЕПІЛДІК МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТТІ

Манеж 2 жыл бұрын жөнделген еді. 15 млн теңгеге жуық қаражатқа төсемесі толықтай ауыстырылды. Алайда, сапасы ойдағыдай болмай шықты. Бірақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы мердігерден түк талап етпеген. Ал, биыл кепілдеме мерзімі өтіп кетті.

«Футбол алаңында жаттығулар таңертеннен кешке дейін жүргізіледі. Оны үздіксіз пайдаланғаннан кейін газон жарамсыз болып қалды. Себебі қалада басқа футбол ойнайтын орындар саусақпен санарлық. Бізге оны қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы қажет. Мәселені осы қазан айында өтетін мәслихаттың сессиясында көтереміз. Егер қаржы бөлінсе, жөндеу жұмыстары жылдың аяғына дейін бітеді. Былтыр манеждің жағдайы жақсы болған. Енді жөндеу жұмыстары кезінде балаларға басқа орын ұсынсақ, ата-аналардың көбі құптамайды», - дейді, «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Айсары Шәкіров.

Спорт мектебі жетекшісінің айтуынша, нысанды ай сайынғы жалдау ақысы 100 мың теңге. Одан бөлек бұл алаңда әуесқой клубтар да ойын өткізеді екен. Тегін емес. Айсары Шәкіров ғимаратты жалға беру арқылы қанша қаражат түсетінін айта алмады.

Ата-аналар спорт нысанының жағдайы былтыр да осындай болғанын айтып отыр. Анна Бакирова баласын аптасына үш рет жаттығуға әкеледі. Ұлы футболды қатты жақсы көретіндктен мұндағы жағдайға көз жұма қарауға мәжбүр.

«Менің баламның футболмен айналысып жүргеніне 1 жыл болды. Былтыр алаң бүліне бастады. Дегенмен, жағдайы қазіргімен салыстырғанда жақсырақ болатын. Жаз бойы жөндеу жасалады деп үміттенген едік. Бірақ баяғы жартас, сол жатртас. Балам жаттығудан үнемі бір жерін ауыртып келеді. Әкімдік тиісті шара қабылдаса деймін. Манежге күрделі жөндеу керек. Ағымдағы жұмыстардан нәтиже жоқ. Газон қырық жамау. Балама футбол өте ұнайды. Сондықтан оны сүйікті ісінен қол үзгенін қаламас едім. Жаттықтырушылар да көңілімізден шығады. Жақсы жұмыс істейтіні көрініп тұр. Балам үнемі футболда өзін дамытуға күш салады. Оның футболға деген қызығушылығын арттыруға осы жаттықтырушылардың еңбегі сіңді деп ойлаймын», - дейді Анна.

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА ТАҒЫ ДА 28 МЛН ТЕҢГЕ ҚАЖЕТ

Облыстық спорт басқармасындағылар манежді жөндеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтады. Мәселе әдеттегідей қаржыға келіп тіреліп отырған көрінеді.

«Спорт нысанын жөндеу үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Оны облыстық бюджет комиссиясына жолдаймыз. Қаржы бөлу үшін өтінім жолданды. Енді комиссия шешімін күтеміз», - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің жетекшісі Виктор Бестик.

Мамандардың айтуынша, нысанның жөнделуіне 28 миллион теңге қажет. Ал оның сапасының қандай болары бөлек әңгіме.

«Месси сияқты футболшы болғым келеді. Теледидардан футбол мачтарын көп көремін. Бірақ біздің ойнайтын алаңымыз олармен салыстыруға да келмейді. Жыртығы көп. Үнемі аяғымыз ілініп қалып құлаймыз. Шөп пен резеңке түйіршіктер аяқ киімге кіріп кетеді. Қақсаң, түспейді. Үйге дейін солай алып барамыз», - дейді 8 жасар Радион Искаков.

Биыл Солтүстік Қазақстанда балалардың футболмен шұғылдануына облыстық бюджеттен 860 миллион теңге бөлінді. Ал жергілікті «Қызылжар» кәсіби клубына 1 миллиард 300 миллион теңге жұмсалмақ.