Орал қаласының әкімі дойбыдан әлем чемпиондарын қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жарыстан жерлестеріміз үш медальмен оралды

2022 жылдың 21 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Болгария мемлекетінің Кранево қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында дойбы-64-тен әлем чемпионаты өтіп, рапид, блиц, классика түрлерінен сайысқа әлемнің 15 елінен 200-ге жуық дойбышы қатысқан болтын.

Дүниежүзілік додада Рапидтен Қазақстан құрамасының қоржынына үш медаль түсті. Атап айтсақ, 9 жасқа дейінгі қыздар арасында желесіміз Алтынай Саматова әлем чемпионы атанса, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында күміс медальды батысқазақстандық Айбек Есенғалиев жеңіп алды. Ал блицте 27 жасқа дейінгі жастар арасында Алтынай Жұмагелдиева жетінші рет әлем чемпионы атанды. 9 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Алтынай Саматова рапидтегі жетістігін қайталап, блицтен екінші алтынын қанжығаға байлады. Ал 17 жасқа дейінгі жаасөспірімдер арасында Тоғжан Тәжібекова күміске қол жеткізді. Дойбының классика түрі бойынша Алтынай Саматова өз жасында абсолютті чемпион атанды. Тоғжан Тәжібекова алтын алса, өз мансабында Айбек Есенғалиев үшінші рет қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы қоржынында барлығы 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль түсті. Жастар арасындағы әлем чемпионаты кезінде ерлер мен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты қатар өтіп, әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында батысқазақстандық спортшылар Алтынай Жұмагелдиева мен Тоғжан Тәжібекова блиц және классикадан қола жүлдегер атанды.

Осыған орай, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов әлем чемпионатында топ жарған дойбышыларды қабылдады. Қала әкімдігінде өткен қабылдауға чемпиондар мен жүлдегерлер, дойбыдан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев, БҚО дойбы федерациясының президенті Жарқын Тажғалиев қатысты.

Кездесуде шаһар басшысы жас спортшыларды әлем чемпионатында жеткен жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта биік белестерден көрініп, ел абыройын асқақтата берулерін тілеп, естелік сыйлықтар мен алғыс хат табыс етті.

Тегтер: