Головкин Альвареспен жұдырықтасқаннан кейін кіммен жекпе-жек өткізуі мүмкін?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандық боксшының бапкері бұл сұраққа жауап берді

Орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бапкері Джонатон Бэнкс шәкіртінің Альварестен кейін екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы титул иегері британиялық Крис Юбэнкпен жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

Оның айтуынша, мұндай жекпе-жек Геннадийдің кездесуін ұйымдастыруға жауапты адамдар үшін қызықты болмақ.

«Геннадий екеуміз бұл тақырыпты талқылаған емеспіз. Бірақ оның ісін жүргізетіндер мұндай жекпе-жек туралы ойымды сұрады. Мен болсам бұл керемет жекпе-жек болар еді деп жауап бердім. Олар: «Егер біз осы жекпе-жекті ұйымдастыра алсақ, сен қолдайсың ба деп сұрады. Мен әлбетте дедім. Бұл шынымен керемет жекпе-жек болар еді. Крис Юбэнкпен қарсыласу кез-келген боксшы үшін қиын болады. Ол мықты боксшы, маған ұнайды. Бокс жанкүйері ретінде бұл жекпе-жектің керемет боларына сенімдімін», - деді Behind The Gloves-ке берген сұхбатында.

Айта кетейік, 17 қыркүйек күні Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жек өткізеді. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында GGG «Канеломен» трилогияның нәтижесіне қарамастан орта салмақта WBA Super, IBF және IBO титулдарының иегері болып қалатынын айтты.