«Головкиннің жойқын соққысы әлі де бар»: сарапшы «Канелоға» қарсы жекпе-жек жайлы пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың жекпе-жегі 17 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді

Фото ашық дереккөзден

Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль «Канело» Альварес (57-2-2, 39 КО) арасындағы жекпе-жек немен аяқталары белгісіз. Осы жөнінде британиялық журналист Бен Смит пікір білдірді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Vesti.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның сөзінше, алдыңғы екі кездесуге қарағанда үшінші айқаста боксшылар аянып қалмайды.

«Бұл екеуі үшін де өте үлкен айқас. Екеуінің текетіресінде жеке бастың ісі бар. Головкин жеңемін деген ойда. «Канело» да өзіне сенімді. Үшінші жекпе-жек бәріне нүкте қою керек. Жас айырмашылығын есепке алсақ, Альваресте мүмкіндік жоғары.

Алайда мұны жекпе-жек қана көрсетеді. Головкиннің жойқын соққысы әлі де бар. Бұл кез келген сәтте басымдық беруі мүмкін. Егер алдыңғы екі айқаста қарсыластар абайлап жұдырықтасса, бұл жолы аянып қалмайды. Өйткені бұл олардың карьерасындағы ең маңызды жекпе-жек», - дейді Смит.

Айта кетейік, трилогия 17 қыркүйекте Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile Arena-да өтеді. Олардың алдыңғы екі жекпе-жегі де осы жерде өтті. Біріншісі даулы шешіммен тең аяқталса, екіншісінде мексикалық жеңіске жеткен.