Ол Tennis Europe сериясы бойынша өткен турнирлерде төртінші титулына қол жеткізді
Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Франциядағы 14 жасқа дейінгілер арасында бірінші санатты Tennis Europe турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Заңғар финалда франциялық Тимео Труфеллимен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда корт иесі басымдылық танытты - 7:5. Дегенмен екінші сетте Заңғар ойын тізгінін өз қолына ала білді - 6:1. Үшінші, шешуші партияда да З.Нұрланұлы қарсыласына дес берген жоқ - 6:1.
Финалға дейінгі жолда қазақстандық теннисші Аустрия, Ресей және Франция елдерінің мықты ойыншыларын қапы қалдырды.
Осылайша ол Tennis Europe сериясы бойынша өткен турнирлерде төртінші титулына қол жеткізді.