Бұл олардың әлем чемпионатындағы алғашқы медалі
Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан жас топтар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Роман Барков пен Игорь Грачёв синхронды секіруден алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Спортшылар 17-21 жас аралығындағы топта сынға түскен. Олар қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, жеңіске жетті. Қазақстандық дуэт 49,910 ұпай иеленген.
Екінші орынды Франция иеленсе, қола медальді Беларусь жеңіп алды.
Грачёв пен Барков – Өскемен қаласының өкілдері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Федор Булучевский мен Игорь Яковлевтің қоластында жаттығады.
Спортшылар 4 жылдан бері жұптасып синхронды секіруден сынға түсіп келеді. Бұл олардың әлем чемпионатындағы алғашқы медалі.