Олар тәжірибенің жеткіліксіздігінен жүлдесіз қайтқан
Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатында орта және ауыр салмақтағы боксшылардың жеңілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бас бапкердің айтуынша, олардың жүлдеге ілікпеуіне тәжірибенің аздығы себеп болған.
«Өкінішке қарай, орта және ауыр салмақтағы боксшыларымыз жеңіліп қалды. Бірақ олар қарсыластарына ірі есеппен жол берген жоқ. Бәрі де соңына дейін күшін салды. Негізі көпшілігі үшін бұл алғашқы әлем чемпионаты. Сондықтан, осыдан тәжірибе жинап, келесі әлемдік сында ауыр салмақтағы боксшылар да қуантады деп ойлаймын», - деді Қайрат Сәтжанов.
Қайрат Сәтжановтың сөзінше, 71 келіде сынға түскен Асланбек Шымбергенов психологиялық тұрғыдан қателік жіберсе, Бек Нұрмағамбет кәсіби бокстан әуесқой спортқа тез бейімделе алмағандықтан қарсыласына есе жіберген.