ҰОК Токио олимпиадасын қорытындылап, Қытайдағы қысқы олимпиада ойындарына дайындықтың басталғанын мәлімдеді
Жауапты мамандар спорт саласына міндетті түрде реформа жүргізілетінін айтып отыр
Биыл Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан сегіз қола медальмен жалпы командалық есепте 83-орын алған болатын. Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бері мұндай төмен нәтиже көрсетпеген.
Еске салайық, Жапония астанасына барған қазақстандық спортшылар жүлдені ауыр атлетика, бокс, карате, еркін күрес және дзюдодан қанжығалады. Олимпиадаға 200-ден астам елден келген 20 мыңға жуық спортшы қатысып, бағын сынаған болатын.
Azattyq Rýhy тілшісі Токио Олимпиадасында еліміздің төмен нәтиже көрсетуінің негізгі себебін анықтап, ойынның қорытындысын шығару үшін ҰОК жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарымен танысты.
Қыркүйек айында Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша спорт федерация басшылары, ұлттық құрама командалары бас бапкерлерінің, олимпиадалық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушылардың, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің қатысуымен барлығы 24 отырыс өткізілген.
Олимпиада қорытындысы Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Бас Ассамблеясында талқыланды. Ассамблея отырысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сонымен қатар Қазақстан ҰОК атқарушы комитетінің мүшелері мен ұлттық спорт федерацияларының басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2020 жылғы Олимпиада маусымын қорытындылау болды.
«Биылғы басты оқиға біз үшін Токиодағы Олимпиада ойындары болды. Жапониядағы Олимпиада ойындарының нәтижесінен туындаған үлкен резонанс реформаларды тездетуге және спорт жүйесін жетілдіру бойынша нақты іс-шараларды бастауға көмектеседі деп сенеміз.
Токиодағы Олимпиада ойындарына үлкен дайындық жұмыстарының жүргізілгенін жоққа шығаруға болмайды. Біз бірінші рет пандемия тудырған көптеген қиындыққа тап болдық. Бүкіл спорт қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысы мен Үкіметке біздің құраманы дайындауға қатысты мәселелерді жан-жақты қолдағанына және жедел шешкені үшін алғысымды білдіремін», - деді Қазақстан ҰОК Президенті Тимур Құлыбаев.
Команданың Токиодағы көрсеткіштерін талдау кезінде Қазақстандық спортшылардың нәтижелеріне әсер еткен екі негізгі себеп анықталды. Олар: пандемияның салдары және бірқатар бағдарлама бойынша олимпиадалық спорт түрлерін қаржыландырудың қысқаруы болған.
ҚР ҰОК қызметкерлері мен ҚР Ұлттық құрама командаларының жаттықтырушыларын қабылдау және жұмыстан босату еңбек және азаматтық кодекстермен реттеледі. ҰОК бас директоры Серік Қасқабасов Токио ойындарынан кейін қызметінен босаған Ұлттық құрама бапкерлеріне тоқталды.
«Жұмыс берушімен қарым-қатынас еңбек шарттары немесе қызмет көрсету туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шаралар түрінде рәсімделеді. Ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы лауазымына қабылданатын адамдармен жасалған шарттың міндеттемелер бөлігінде команда мүшелері Олимпиада ойындарында қол жеткізуге тиісті нақты сандық және сапалық көрсеткіштер көрсетілген. Егер көрсетілген міндеттемелер орындалмаса, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетімен қызмет көрсету туралы шарт бұзылады. Осылайша, бокстан ҚР ерлер ҰҚК бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаевпен, бокстан ҚР әйелдер ҰҚК Ерлік Алғанбек, жүзуден ҚР ҰҚК бас жаттықтырушысы Олег Вагизов және қазіргі бессайыстан ҚР ҰҚК бас жаттықтырушысы Леонид Зимаревпен шарт бұзылды.
Құрама командалардың жаттығуы мен жарыстары тоқтамау керек. Сондықтан кадрлық шешімдер команданы даярлаудың күнтізбелік жоспарын еске ала отырып қабылданады. Мысалы, әйелдер, грек-рим күресі бойынша ҚР ҰҚК жаттықтырушылар құрамына қатысты шешімдер жылдың соңында, 1-4 қараша аралығында Сербияда өтетін 2021 жылғы әлем чемпионатының нәтижелерін қарау бойынша қабылданатын болады», - деді Серік Қасқабасов.
Сондай-ақ, ассамблея отырысында Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындары талқыланды. Байрақты бәсеке 2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында Қытайдың үш қаласында, атап айтқанда Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу қалаларында өтеді. Жолдама үлестірілетін додалар 16 қаңтарға дейін жалғасады және оған дейін отандық спортшылар 50-ден астам лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр.
«Пандемияға қарамастан ҰОК қысқы спорт түрлері бойынша командалардың жаттығулары мен жарыстарын толыққанды ұйымдастырды. 2021 жылы жалпы саны 105 оқу-жаттығу жиыны өтті. Оның ішінде 69 жаттығу жиыны шетелде өткізілді. Олимпиадада Қазақстан 8 дисциплина және 4 спорт түрінен бақ сынауды жоспарлауда.
Кездесу барысында ұлттық федерация басшылары көптеген бағыттың жақсарғанын, атап айтқанда ұлттық құрамаларды дайындау мен жаттығуларда федерация рөлінің күшейетінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы ҰОК енгізген принципті жаңа тәсіл – спорттық федерациялар мен жаттықтырушылар штабының өзі спорттық құрал-жабдықтар мен спорттық тамақтануды сатып алу қажеттілігін, көлемін, тізімін және техникалық сипаттамаларын өздері анықтайды. Командаларға кешенді ғылыми топтардың мамандары тұрақты медициналық-биологиялық қолдау көрсетеді. Спортшыларды даярлау үшін жағдайлар жақсарады және жаттығулар тек аккредиттелген базаларда жүргізіледі», - делінген ҰОК ақпаратында.
Сонымен қатар, Бас Ассамблея жылдың қаржылық есебін мақұлдап, «Эрнст и Янг» компаниясын 2021 жылға ҰОК-тың сыртқы қаржылық аудиторы етіп тағайындады.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан