Президент күзетінің бастығы бокс пен дзюдоны мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Роман Төреханов бұл ұсынысын Қазақстан Халық кеңесінің салалық комиссиясының отырысында айтқан

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Халық Кеңесінде балалар мен жасөспірімдер спортын жаңғырту және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тәсілдері талқыланып, бірқатар тың бастамалар айтылған көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Халық кеңесінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Кеңестің спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссиясы отырыс өткізіп, ауыл спортын дамыту, мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағын заман талабына сай жаңғырту және балалар арасындағы семіздіктің өсуін тоқтату мәселелерін талқылаған.

Баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, кездесуге қатысқан ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы Роман Төреханов отандық спорттың әлеуетін нығайту үшін жаттығу және ғылыми базаны күшейтуді, сондай-ақ мектеп бағдарламасына жекпе-жек түрлерінің негізгі элементтерін, атап айтқанда, бокс пен дзюдоны енгізуді ұсынған.

«Бұл балаларға аталған спорт түрлерімен танысып, кәсіби даярлықты жалғастыру үшін оларды саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді», - деп хабарлайды Қазақстан Халық Кеңесінің баспасөз қызметі.

Спорттағы таланттарды іздеу және олардың қабілетін ашу тақырыбын Гаджи Гаджиев жалғастырды. Оның айтуынша, көптеген дарынды бала бюрократиялық кедергілер мен қайда жүгіну керегін нақты білмеудің салдарынан өз әлеуетін дер кезінде жүзеге асыра алмай жүр. Жас спортшыларды іріктеу мен қолдаудың ашық жүйесін қалыптастыру үшін «Ел қуаты» бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу, сондай-ақ спортқа бейімі бар балаларды анықтау мақсатында мектеп лигаларын дамыту ұсынылды.

«Жоба аясында спортқа табиғи дарыны мен қабілеті бар балалардың дерекқорын құру, жергілікті жерлердегі инфрақұрылымды дамыту және чемпиондардың шеберлік сабақтарын өткізу көзделген. Бұл жастардың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіріп, болашаққа бағдар беруге көмектеседі», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Талқылау қорытындысы бойынша осы және өзге де бастамаларды салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп жан-жақты пысықтап, нақты министрліктерге жолдау үшін практикалық ұсынымдардың жүйеленген топтамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жиынға Марат Әзілханов пен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков төрағалық етті. Басқосу сарапшыларды, белгілі спортшыларды, дәрігерлер мен қоғам қайраткерлерін бір алаңға тоғыстырды.