Қазақстанның хоккейшілері Азия чемпионатында қатарынан үшінші рет жеңімпаз атанды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті

Фото: DRSQazaqstan

Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, бұл бәсекеде де Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осылайша, отандастарымыз бұған дейінгі 2024 және 2025 жылдардағы жетістіктерін қайталап, Азия чемпионы атағын қатарынан үшінші рет жеңіп алды.

Қазақстан хоккей құрамасы чемпионат аясында өткізген үш кездесудің барлығында жеңіске жетті. Алғашқы матчта Жапония құрамасымен кездескен отандастарымыз 3:2 есебімен басым түсті. Екінші ойында Қытай хоккейшілерін 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

Ал үшінші кездесуде алаң иелері Оңтүстік Корея құрамасымен ойнады. Матчтың негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Буллиттер сериясында қазақстандық хоккейшілер 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, үш матчта да жеңіліс таппаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінде бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды Жапония құрамасы иеленсе, үздік үштікті Оңтүстік Корея хоккейшілері түйіндеді.

Ұлттық құраманың бұл нәтижесі қазақстандық хоккейдің мерейін үстем етті.