Геннадий Головкин Дакардағы Олимпиадада бақ сынап жатқан спортшылармен кездесті

Автор: Дәулет Ботагөз

Сапар аясында Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиадалық комитетінің басшысы Кирсти Ковентримен де кездесті

Фото: olympickz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып жатқан отандық спортшылармен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰОК басшысы жас атлеттермен және бапкерлер құрамымен тілдесіп, маусымның басты додасында еліміздің намысын қорғап жатқан спортшыларға сәттілік пен толағай табыс тіледі. Кездесу барысында ол мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстардың жас буын үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Жасөспірімдер Олимпиадасы – жас спортшыларға халықаралық тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін көрсетуге және үлкен спортқа жол ашуға мүмкіндік беретін маңызды белес», – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, сапар аясында Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиадалық комитетінің басшысы Кирсти Ковентримен де арнайы кездесу өткізген болатын.

Қазіргі уақытта Дакарда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 18 спортшы қорғап жатыр. Ел құрамасы жарыстың алғашқы кезеңінде екі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, дзюдодан сынға түскен Фатима Сұпығалиева алтын медаль жеңіп алып, жарыс чемпионы атанды. Ал триатлоншы Рамазан Әйнегов қола жүлдеге ие болып, үшінші орынға тұрақтады.