Харри Кейн алғаш рет «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алды

Автор: Асыл Арман

«Бавария» клубының тарихында 45 жылдан кейін алғаш рет «Алтын доп» жүлдесінің иегері шықты

Фото: Financial Times

«Бавария» футбол ұжымы мен Англия ұлттық құрамасының шабуылшысы Харри Кейн карьерасында алғаш рет «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен түнде Лондонда «Алтын доп» жүлдесін табыстау кеші өтті. Дауыс беру нәтижесінде Англияның 33 жастағы футболшысы жеңіске жетті. Салтанатты кеште оған «Алтын допты» әйгілі бразилиялық Рональдо табыстады.

Екінші орынды «Реал» командасы мен Франция ұлттық құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе иеленсе, үздік үштікті биыл Испания сапында әлем чемпионы атанған «Барселонаның» жас жұлдызы түйіндеді.

Айта кетейік, «Бавария» футбол клубының тарихында 45 жылдан кейін алғаш рет «Алтын доп» жүлдесінің иегері шықты. Соңғы рет 1981 жылы аты аңызға айналған Карл-Хайнц Румменигге жеңіске жеткен. Ал жалпы неміс командасының тарихында Кейн аталмыш жүлдені жеңген төртінші футболшы атанып отыр. Олардан бөлек бұл атаққа Герд Мюллер мен Франц Беккенбауэр екі рет қол жеткізген.

Харри Кейн өткен 2025/26 маусымында клуб пен ұлттық құрама сапында 73 гол соғып, 10 голға нәтижелі пас берген. Бұл – XXI ғасырдағы екінші үлкен көрсеткіш. Одан жоғары тек 2011/12 маусымында Лионель Месси жеткен. Ол маусымда аргентиналық шабуылшы 60 матчта 73 гол соғып, 30 нәтижелі пастың авторы атанған.