Қазақстандық спортшы екі бағдарлама қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинап, үздік үштікке енді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Алматыда өткен Денис Тен мемориалында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол екі бағдарлама қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинады.
ISU Challenger сериясына кіретін турнирде қысқа бағдарламадан кейін Самоделкина 69,45 ұпаймен үшінші орыннан көрінді. Бұл – оның халықаралық жарыстардағы қысқа бағдарлама бойынша жаңа жеке рекорды.
Еркін бағдарламада қазақстандық спортшы 134,91 ұпай алды. Нәтижесінде жалпы ұпайы 204,36-ға жетіп, ол үшінші орнын сақтап қалды.
Жарыста бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен 2022 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ресейлік Александра Игнатова (Трусова) 226,01 ұпаймен жеңімпаз атанды. Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ 209,20 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.
Әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда Қазақстан атынан тағы бес спортшы өнер көрсетті. Нұрия Сүлеймен 122,40 ұпаймен 14-орынға тұрақтады. Алика Халимова 120,56 ұпаймен 15-орын алса, Амира Ирматова 117 ұпаймен 16-орынға жайғасты. Зере Сарбаллина 108,73 ұпаймен 18-орын, ал Амина Алексеева 98,20 ұпаймен 19-орын алды.