Футболшы ұлттық құрама сапында 207 матч өткізіп, 125 гол соқты
Аргентина құрамасының капитаны, аңызға айналған футболшы Лионель Месси ұлттық құрамадағы соңғы матчының алдында жанкүйерлеріне бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнеүндеу adidas Football-дың Instagram парақшасында жарияланды. 39 жастағы шабуылшы жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтып, ұлттық құрамадан абыроймен кетіп бара жатқанын жеткізді.
«Бұл сәт те келді. Мен бейбіт көңілмен кетіп барамын, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл жейде көптеген жылдар бойы менің арманым, мақтанышым және өмірім болды. Мені соншалықты жақсы көргендеріңіз үшін рақмет. Қолдауларыңыз үшін рақмет», – деді Месси.
Аты аңызға айналған №10 Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында Аргентина құрамасы сапындағы соңғы матчын Бенин құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, Месси халықаралық мансабын аяқтау туралы түпкілікті шешімді 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қабылдады. Аргентина финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде Испаниядан жеңілді. Тамыз айының соңында ол ұлттық құрамадан кететіні туралы ресми хатын жариялап, қазан айында қоштасу матчын өткізу үшін Буэнос-Айреске келді.
Месси ұлттық құрама сапында 20 жылдан астам уақыт өнер көрсетті. Ол 2005 жылы дебют жасап, рекордтық 207 матч өткізіп, 125 гол соқты.
Футболшы ұлттық құрамадан әлем чемпионы (2022), екі дүркін Америка кубогының жеңімпазы (2021, 2024), Финалиссиманың жеңімпазы (2022) және Олимпиада чемпионы (2008) мәртебесінде кетіп барады.
Сонымен қатар Месси клубтық мансабын толық аяқтамайды. Ол АҚШ-тың «Интер Майами» клубы сапында MLS турнирінде өнер көрсетуін жалғастырады.