Азиада-2026 аяқталды: Қазақстан қандай нәтиже көрсетті?

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстан құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алып, Ханчжоудағы ойындармен салыстырғанда жалпы есепте үш сатыға көтерілді

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Жапонияда ХХ жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан спортшылары 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрама алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда үш сатыға көтеріліп, алтын медальдар санын да арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы 84 медальмен 46 ел қатысқан жалпы командалық есепте сегізінші орын алды. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орынға тұрақтаған еді.

Басты нәтижелердің бірі – қазақстандық боксшылардың 12 жылдық үзілістен кейін алтын медальға қол жеткізуі. Құрама соңғы рет Азия ойындарында алтынды 2014 жылы жеңіп алған. Алдыңғы екі Азия ойындарында команда қоржынына алтын медаль түспеген еді. Жапонияда Торехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта, ал ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанды.

Қазақстанның ерлер арасындағы семсерлесуден қылышшылар құрамасы Азия ойындарында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Финалда команда Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңді. Қарсылас сапында Рио-2016 Олимпиадасының жекелей сындардағы шпагадан чемпионы Пак Сан Ён өнер көрсетті.

Қазақстандық семсерлесушілер үшін бұл жеңіс тарихи маусымның жалғасы болды. Команда Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, алғаш рет әлем чемпионы болды, кейін Азия ойындарында да топ жарды. Бұған дейін бір маусым ішінде бірде-бір команда мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.

Академиялық ескек есуден Қазақстанға тарихтағы алғашқы Азия ойындарының алтынын Владислав Яковлев пен Иван Чернухин әкелді. Олар ерлер арасындағы рулі жоқ қос ескекті қайық жарысында жеңімпаз атанды.

Тағы бір тарихи алтынды Тамирлан Тлеулес еншіледі. Ол 58 келіге дейінгі салмақта таэквондодан жарыста топ жарып, Қазақстанға Азия ойындарындағы осы спорт түрінен алғашқы алтын медальді сыйлады.

Алексей Луценко да тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық велошабандоз жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, ел тарихындағы ең көп алтын алған спортшы атанды. Ал Рината Сұлтанова Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында алғаш рет жекелей жарыста алтын жүлде жеңіп алды.

Каратеден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева екі алтын медаль иеленді. Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші жеңіс болды.

Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жектен Қазақстан екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Еркінғали Бүркіталы мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола жүлдегер атанды.

Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрамасы алғаш рет жеке сында төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Абиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдегер атанып, финалда Жапония өкілдеріне жол берді. Тағы бір күміс медаль аралас командалық турнирде еншіленді. Жеке және командалық бес финалдың барлығында Қазақстанның қарсыласы Жапония құрамасы болды.

Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан бұл дисциплинада Азия ойындарының тұғырына 32 жылдан кейін қайта көтерілді.

Қазақстандық балуандар да нәтижесін жақсартты. Еркін күрестен құрама 2023 жылғы Азия ойындарында медаль ала алмағаннан кейін бұл жолы үш қола жүлде еншіледі. Әйелдер құрамасы да нәтижесін жақсартты: спортшылар бір күміс және екі қола медаль алды. 2023 жылы олардың еншісінде бір ғана күміс болған.

Азия ойындары басталар алдында спорт федерациялары ұлттық құрамалардың нәтижелеріне қатысты міндеттемелер алған еді. Азия ойындарының қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігі олардың орындалуына талдау жасап, алдыңғы халықаралық жарыстармен салыстырғандағы нәтижелер динамикасын және көрсеткіштерге әсер еткен факторларды бағалайды.

Талдау жекелеген спорт түрлері бойынша қолданыстағы дайындық жүйесі күтілетін нәтижеге жеткізбейтінін көрсетсе, тиісті шешімдер қабылданады. Оның ішінде кейбір федерацияларда жұмыс тәсілдерін толық қайта құруға дейінгі шаралар қарастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар халықаралық аренада жауапты ұйымдардың жұмысын күшейту мәселесі де қаралады.