Азия ойындары: Қазақстандық спортшылар екі медальді жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Көркем гимнастикашылар мен балуан Нилуфар Раимова жүлдеге ілікті

Фото: ҚР ҰОК / Владислав Семенов, Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық спортшылар Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның көркем гимнастикадан ұлттық құрамасы топтық көпсайыста қола жүлдегер атанды. Финалда қазақстандық команда 51,550 ұпай жинады. Бес доппен орындалған жаттығуға спортшылар 25,450 ұпай, ал үш шығыршық пен екі жұп лентамен орындалған бағдарламаға 26,100 ұпай алды.

Қазақстан құрамасы сапында Жасмин Жүнусбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская өнер көрсетті.

Алтын медальді 55,300 ұпай жинаған Қытай құрамасы иеленді. Жапония өкілдері 52,500 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстан қоржынына тағы бір қола медальді әйелдер күресінен Нилуфар Раимова салды. 57 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Шри-Ланка өкілі Нетми Ахинса Фернандоны жеңді.