Қазақстандық жеңіл атлет Азия ойындарынан уақытша шеттетілді: допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен

Автор: Алмас Ерсін

Спортшының сынамасынан тыйым салынған дростанолон метаболиті анықталған

Фото: instagram.com/aiana_bolatbekkyzy

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызына Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында антидопинг ережесін бұзуы мүмкін екені туралы хабарлама жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұйымның сайтына сілтеме жасап.

Спортшының сынамасынан дростанолон метаболитінің бар екені анықталған.

«Дростанолон Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне S1.1 санатындағы анаболикалық-андрогендік стероид (ААС) ретінде енгізілген. Бұл зат нақтыланбаған санатқа жатады және жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған», – деп түсіндірді агенттік.

Спортшыдан сынама 27 қыркүйекте Нагояда Азия ойындары аясындағы антидопингтік бақылау кезінде алынған. Бақылауды ITA Азия Олимпиада кеңесінің (OCA) атынан жүргізген.

«Аяна Болатбекқызына нәтижелер туралы хабарланып, ол жарыстан дереу уақытша шеттетілді. Іс қаралып жатқан кезеңде оған Азия ойындары аясындағы жарыстарға, жаттығуларға, жаттықтырушылық қызметке және басқа да іс-шараларға қатысуға тыйым салынды. Спортшы уақытша шеттету туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының Антидопингтік бөліміне (CAS ADD) шағымдана алады. Сондай-ақ В сынамасын талдауды сұрауға құқылы», – делінген хабарламада.

ITA істің қазіргі уақытта қаралып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты іс толық аяқталғанға дейін агенттік қосымша түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.