Отандық спортшы Рината Сұлтанова 36:23.72 нәтижесімен алтын медальды жеңіп алып, үздік шықты
Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарысудан топ жарып, алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл — Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы алғашқы алтын жүлдесі. Рината Сұлтанова алғашқы жарыс күнінде жеңіске жетіп, ұлттық құраманың алтын медальдар есебін ашты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Отандық спортшы Рината Сұлтанова 36:23.72 нәтижесімен алтын медальды жеңіп алып, үздік шықты. Екінші орынды 36:28.40 уақыт көрсеткішімен Қытай спортшысы Чжан Хао иеленсе, онтүстіккореялық Син Джиын 36:56.14 нәтижесімен қола жүлдені місе тұтты.
Бұл — Рината Сұлтанованың екінші Азиадасы. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған болатын.
Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауға, Азия чемпионаттары мен басқа да маңызды бәсекелерге қатысуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстарда жинақталған тәжірибе спортшыларды маусымның негізгі додаларына жоспарлы түрде дайындауға мүмкіндік береді.
Бүгінде тасжолдағы велоспорт Қазақстанның 9 өңірінде дамытылып келеді. Өңірлік даярлық жүйесін жетілдіру, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жұмысы, сондай-ақ спорт резервін қалыптастыру қазақстандық велоспорттың халықаралық аренадағы позициясын одан әрі нығайтуға негіз болмақ.