Қазақстан құрамасының көк туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінің шебері Сарвиноз Миркадирова алып шықты
Жапонияның Нагоя қаласындағы Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында XX Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азиада-2026 ашылу шеруінде Қазақстан құрамасының көк туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінің шебері Сарвиноз Миркадирова алып шықты.
Азия құрлығының ең басты спорттық додасы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Жарыс бәсекелері Нагоя, Токио және Осака қалаларында, сондай-ақ Аичи, Сидзуока және Гифу префектураларында ұйымдастырылады.
Биылғы дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшылар саны мен олар қатысатын бағдарламалар көлемі ауқымды. Атап айтқанда, Қазақстан атынан жарысқа 558 спортшы қатысып, ойындар бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінің 35-і бойынша медальдар жиынтығын сарапқа салады. Құрама сапында Олимпиада чемпиондары мен халықаралық турнирлердің жүлдегерлері бар.
Азия ойындары — төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын құрлықтағы ең беделді кешенді спорт жарысы. Қазақстан спортшылары бұл додада дәстүрлі түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.