ҚФФ бас хатшысы 2028 жылы Астанада өтетін УЕФА Суперкубогына қатысты жоспарды айтты
Астанада 2028 жылы өтетін УЕФА Суперкубогына орай «Астана Арена» табиғи футбол жабынымен жабдықталады. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Маннның айтуынша, бұл өзгеріс УЕФА талаптарына сай матч өткізу үшін қажет, ал халықаралық деңгейдегі ойын Қазақстанның туристік әлеуетін танытып, әлемдік футбол картасындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында футбол функционері Қазақстанда жоғары деңгейдегі халықаралық турнир өткізу жобасы бірнеше жыл бойы әзірленгенін еске салды.
Нәтижесінде УЕФА атқарушы комитеті 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы үшін өтетін матчты «Астана Аренада» өткізу туралы шешім қабылдады. Манн бұл шараны Қазақстан үшін үлкен әрі маңызды оқиға деп атады.
«Біріншіден, бұл ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер мен қонақтар Астанаға келеді. Олар қаламен және жалпы Қазақстанмен танысып, инфрақұрылымымыз бен стадионымызды көреді, жергілікті мәдениетпен жақынырақ танысады, мейрамханаларға барып, қонақүйлерге орналасады. Мұның бәрі ел экономикасы мен туристік әлеуетіне оң әсер етеді. Екіншіден, бұл – Қазақстан футболын халықаралық деңгейде танытуға тамаша мүмкіндік. Бізде сапалы футбол өнімі мен жоғары деңгейдегі іс-шаралар бар. Енді олардың қатарына тағы бір ірі халықаралық дода қосылады. Біздің ойымызша, мұндай матч Қазақстанның әлемдік футбол картасындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Манн.
ҚФФ бас хатшысы «Астана Аренаны» әлемдік деңгейдегі стадион деп атады. Алайда қайта жаңғыртудан кейін де стадионда жасанды көгал сақталған. УЕФА талаптарына сәйкес, Суперкубок матчын өткізу үшін табиғи төсеніш қажет. Осыған байланысты Манн алдағы уақытта «Астана Аренадағы» жасанды жабын табиғи көгалға ауыстырылатынын айтты.
«Біз Қазақстанның әлемдік футбол кеңістігінің бір бөлігі болғанын қалаймыз. Елімізде футболдың қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз және бұл – сол жолдағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай мүмкіндік Қазақстанды тек УЕФА аясында ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар мен турнирлерге, сондай-ақ әлемнің жетекші клубтарына кеңінен таныстыруға жол ашады», – деп атап өтті Манн.
ҚФФ бас хатшысы сәуір айында Астанада УЕФА конгресі өтетінін де еске салды. Іс-шара барысында УЕФА президентін сайлау рәсімі өтеді. Қазіргі уақытта бұл қызметті словениялық Александр Чеферин атқарып отыр