Францияда Килиан Мбаппені ұрлауды жоспарлаған қылмыстық топ әшкереленді

Автор: Алмас Ерсін

Болжамды құрбандар тізімінде «Реал» шабуылшысы Килиан Мбаппе болған

Фото: Dan Mullan / Getty Images

Францияның құқық қорғау органдары мадридтік «Реал» мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппені ұрлауды жоспарлаған қылмыстық топтың жоспарын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Le Parisien басылымының жазуынша, бұған дейін француз полициясы сағат шеберіне шабуыл жасау ісі бойынша 18 жастағы жігітті ұстаған. Тергеу барысында құқық қорғау органдары қылмыстық топ дайындаған басқа да қылмыстар туралы білген.

Ұсталған азаматтың танымал адамдарды ұрлауды жоспарлаған қылмыстық топтың мүшесі болғаны анықталды. Болжамды құрбандар тізімінде «Реал» шабуылшысы Килиан Мбаппе де болған.

Клеман есімді жас жігіт қамауға алынып, жеке камераға орналастырылды. Ал оның болжамды сыбайласы сот бақылауымен босатылды.

«Бұл жас жігіт бұған дейін де ауыр қылмыстары үшін түрмеде отырған, енді танымал рэпер мен футболшыға қатысты жаңа іске қатысы бар. Оның ретсіз әрі қылмыстық өмір салтын ұстанатынын ескерсек, болып жатқан жағдайдың мәнін түсінуіне тек жеке камерада ұстау ықпал етуі мүмкін», – деп мәлімдеді Версаль прокуратурасы.