Ұлттық құрама қоржыны бір алтын, бір күміс және екі қоламен толықты
Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тағы төрт медаль жеңіп алды. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың қоржыны тағы бір алтын, бір күміс және екі қола жүлдемен толықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанға үшінші алтын медальді Абзал Төлебеков әкелді. Ол жамбы атудан қырғыз стилі бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.
Жамбы ату – ат үстінде садақ атудан өтетін дәстүрлі сайыс. Шабандоз шауып келе жатып белгіленген нысаналарды дәл көздеуі керек.
80 келіге дейінгі салмақта аударыспақтан (эр эңиш) өнер көрсеткен Расул Құрайыш күміс медаль иеленді. Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы Қырғызстан өкіліне есе жіберді.
Аударыспақ – ат үстіндегі дәстүрлі қазақ күресі. Онда қарсыластар бір-бірін ерден аударып түсіруге немесе тепе-теңдіктен шығаруға тырысады.
Қазақстан тағы екі жүлдені күрес және күш сайыстарынан иеленді. Нұрсұлтан Есімбай мас-рестлингтен 90 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанса, Нұрсұлтан Қожагелді алыш күресінен үшінші орын алды.
Мас-рестлинг – екі спортшы бір-біріне қарама-қарсы отырып, аяқтарын тақтайға тіреп, ағаш таяқты өзіне қарай тартып күш сынасатын сайыс.
Алыш – белбеуден ұстап күресетін дәстүрлі күрес түрі. Қарсыластар белбеуден ұстаған күйі бір-бірін кілемге жығуға тырысады.
Еске салайық, бұған дейін Абзал Тұлыбеков Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанғаны туралы жаздық.