Қазақстан құрамасы дзюдодан әлем чемпионатында тарихта алғаш рет командалық алтын жеңіп алды
Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді
Қазақстанның дзюдодан кадеттер құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, аралас командалық әлем чемпионатында алғаш рет жеңімпаз атанды. Әлем біріншілігі Эквадордың Гуаякиль қаласында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жасөспірім ұлдар командалық есепте бірінші орын алса, қыздар екінші орынға ие болды. Ал Фатима Сұпығалиева кадет қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.
Қол жеткізілген нәтижелер Туризм және спорт министрлігінің Қазақстан дзюдо федерациясымен және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесі болды. Париж Олимпиадасынан кейін ведомство ұлттық құрамаларды даярлау тәсілдерін жаңартуға кірісті. Отандық жаттықтырушылар Эцио Гамба командасын қоса алғанда, жетекші шетелдік мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар кадеттер, жасөспірімдер және ұлттық құрамалар бірыңғай әдістеме аясында біріктіріліп жатыр.
«Біз біртұтас жүйе қалыптастырып жатырмыз: кадеттер – жасөспірімдер – ұлттық құрама – Олимпиада ойындары. Спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде дайындықты қайтадан бастамауы керек. Ол ортақ талаптар, ғылыми сүйемелдеу және нақты даму бағыты бар бірыңғай модель бойынша жұмысын жалғастырады. Командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық он медаль – жаңа жүйенің жұмыс істеп жатқанының нақты дәлелі. Ендігі міндетіміз – осы тәжірибені басқа спорт түрлеріне жүйелі түрде енгізу», – деді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Бірыңғай модель жаттығу үдерісін ғылыми тұрғыдан талдауды, функционалдық диагностиканы, жүктемені әр спортшыға жеке бейімдеуді, спорттық медицинаны, қалпына келтіруді және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылауды қамтиды. Бұл жұмыста Ұлттық спорт университеті құрамаларды ғылыми және талдамалық тұрғыдан сүйемелдеу арқылы маңызды рөл атқаруға тиіс.
Осындай тәсілдер мықты отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, семсерлесу, бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне жүйелі түрде енгізіліп келеді. Дзюдо құрамасының нәтижесі спорт резерві мен ұлттық командаларды даярлаудың жаңа жүйесі тиімді екенін айқын көрсетті.