Ол мәреге 1 сағат 41 минут 26 секундта жетті
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымдық спорттық жүрісте үшінші орын алды. Ол мәреге 1 сағат 41 минут 26 секундта жетті.
Алтын және күміс медальды Қытай спортшылары иеленді. Нин Цзиньлинь 1:38:24 нәтижесімен жеңімпаз атанса, Доу Маоцо 1:39:01 көрсеткішімен екінші орын алды.
Қазақстандық тағы бір спортшы Эльмира Калимуллина бесінші орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы жүлде саны үшке жетті.
Бұған дейін Анастасия Рыпакова күміс медаль жеңіп алса, Максим Балабин сырықпен секіруден қола жүлдегер атанған еді.