Микель Мерино 88-минутта жеңіс голын соғып, Испанияны Францияға қарсы жартылай финалға алып шықты
Испания құрамасы Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының екінші жартылай финалисі атанды. Енді 14 шілдеде «Қызыл фурия» финал жолдамасы үшін әлемнің вице-чемпионы Франция құрамасымен кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесудің алғашқы бөлігінде екі команда да бір-біріне барынша сақтықпен қарап, тәуекелге бара қойған жоқ. Сондықтан алғашқы су ішу үзілісіне дейін ойын аса тартысты өрбіді деу қиын еді. Матчтың барысы дәл сол үзілістен кейін өзгерді. Бас бапкерлер Луис де ла Фуэнте мен Руди Гарсия қысқа үзілісті пайдаланып, ойыншыларына қосымша тапсырмалар берді. Соның нәтижесінде матчтың қарқыны мүлде басқа арнаға бұрылды.
30-минутта Ламин Ямаль оң қапталдан айып алаңының ортасына дәл пас шығарды. Дани Ольмоның соққысын Тибо Куртуа қайтарғанымен, допқа бірінші жеткен Фабиан Руистің қайта бағыттаған добына тосқауыл қоя алмады – 1:0. Көп ұзамай Ямальдың өзі де есепті еселеуге мүмкіндік алғанымен, добы қақпаның сыртқы торына тиді.
Алайда Бельгия алғашқы қауіпті шабуылдарының бірін-ақ голға айналдырды. 41-минутта офсайд шебінде сәтті қозғалған Шарль де Кетеларе Тимоти Кастаньның әуелете берген пасын қабылдап, Пау Кубарсиден бұрын секіріп, баспен қақпаны дәл көздеді. Осылайша Унаи Симонның 649 минутқа созылған «құрғақ» сериясы үзілді. Испания құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында алғаш рет гол жіберіп алды – 1:1.
Үзілістен кейін ойынның сипаты айтарлықтай өзгерген жоқ. Испаниялықтар допқа көбірек иелік етіп, қарсылас алаңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Ал бельгиялықтар қорғаныста өте жинақы ойнап, қарсыластарына еркін кеңістік бермей, қарымта шабуылдарға сенім артты. 55-минутта Кевин де Брюйне мен Жереми Докудың әдемі комбинациясын аяқтаған Максим де Кейпердің соққысы қақпаның сыртқы торына тиді. Бұл эпизод Ямальдың мүмкіндігін еске салды.
Екінші таймның орта тұсында Тибо Куртуа жарақат алып қалды. Мадридтік қақпашы, «Қайрат» жанкүйерлеріне де жақсы таныс футболшының орнына Сенне Ламменс шықты. Бұл мәжбүрлі ауысу Бельгия үшін шешуші сәтке айналды. 88-минутта Ламменс Кубарсидің соққысын сәтсіз қайтарды. Ал ойынға небәрі екі минут бұрын қосылған Микель Мерино қайтқан допты қақпаға тоғытып, Испанияны қайта алға шығарды – 2:1.
Матч соңындағы «Қызыл әзәзілдердің» қорытынды шабуылы нәтиже берген жоқ. Қақпашының өкінішті жарақаты олардың жартылай финалға шығуына мүмкіндік бермеді.