Мбаппе мен Дембеле гол соғып, Франция әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Автор: Алмас Ерсін

 Франция құрамасы Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды

Фото: © istockphoto.com

Франция құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Дидье Дешам шәкірттері ширек финалда Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, әлемдік додадағы жүлдеге таласты жалғастыратын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бостондағы «Джиллетт» стадионында өткен матчтың бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Дегенмен ойын тізгінін көбірек ұстаған Франция қауіпті шабуылдарды жиі ұйымдастырды.

Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ Килиан Мбаппе алыстан соққы жасап көрсе, кейін Дайо Упамекано бұрыштамадан көтерілген допты баспен қақпаға бағыттады. Алайда екі жағдайда да Марокко қақпашысы Яссин Буну сенімді ойнап, командасын құтқарып қалды.

Матчтағы ең маңызды сәттердің бірі 25-минутта тіркелді. Марокко қорғанысы қателесіп, допты жоғалтып алды. Айып алаңына ұмтылған Мбаппені Нуссайр Мазрауи ереже бұзып тоқтатты. Бас төреші Факундо Тельо бірден он бір метрлік айып добын белгіледі.

Пенальтиді орындауға келген Мбаппе бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Оның соққысын Буну қайтарып, есептің өзгеруіне жол бермеді.

Француздар үзіліске дейін шабуылды үдете түсті. Дезире Дуэ жақын бұрышты көздеп тепкенімен, Марокко қақпашысы тағы да шеберлігін көрсетті. Ал бірінші таймға қосылған уақытта Люка Диньнің алыстан бағыттаған соққысы қақпа маңдайшасына тиді. Марокко өз кезегінде Ашраф Хакимидің айып добынан кейін қауіп төндіргенімен, доп қақпадан сәл қиыс кетті.

Екінші тайм басталған соң Марокко қарсы шабуылдарға көбірек иек артты. Браим Диас қауіпті сәт ұйымдастырмақ болғанымен, Жюль Кунде оның пасын дер кезінде тоқтатты.

Кездесудегі есеп 60-минутта ашылды. Алаң ортасында допты тартып алған Адриен Рабьо шабуылды бастап берді. Дезире Дуэнің пасынан кейін Мбаппе айып алаңының шебінен дәл соққы жасап, допты қақпаның алыс бұрышына тоғытты.

Алты минуттан кейін Франция басымдығын еселей түсті. Усман Дембеле бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, айып алаңына жақындай бере төменнен соққы жасады. Бұл жолы да Буну командаластарын құтқара алмады – 2:0.

Екі голдан кейін Марокко құрамасының бас бапкері Мохамед Уахби ойынға тың күш қосты. Софьян Амрабат, Суфьян Рахими, Жессим Яссин және Закария Эль-Уахди алаңға шыққанымен, ойынның тағдырын өзгерте алған жоқ.

Матчтың қалған бөлігінде Франция допты бақылауда ұстап, қарсыласына қауіпті мүмкіндік берген жоқ. Осылайша Дидье Дешамның командасы сенімді жеңіске жетіп, әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.

Енді Франция финал жолдамасын Испания мен Бельгия құрамалары арасындағы матчтың жеңімпазымен сарапқа салады.