Бельгия ойыншылары АҚШ командасын жеңіп, алаңда «Трамптың биін» билеген (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Бельгия АҚШ-ты ойсырата жеңді

Фото: видеодан скриншот

2026 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Бельгия құрамасының футболшылары АҚШ қақпасына гол соққаннан кейін, сол елдің президенті Дональд Трамптың биін билеген. Кездесу 4:1 есебімен бельгиялықтардың пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ойынның 90+3-минутында 33 жастағы шабуылшы Ромелу Лукаку матчтың соңғы нүктесін қойды. Голдан кейін Бельгия құрамасының ойыншылары шеңбер жасап жиналып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың сайлауалды науқаны кезіндегі өзіне тән қимылдарына ұқсатып, би биледі. Яғни, олар бөкселерін қозғалтып, жұдырықтарын көтере билеген.

Айта кетейік, бұдан сәл ертерек АҚШ Президенті Дональд Трамп өз құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның дисквалификациясын алып тастау процесіне жеке өзі араласқанын растаған болатын. Балогун Босния және Герцеговинамен өткен ойында қызыл қағаз алғанына қарамастан, оған бельгиялықтарға қарсы ойнауға рұқсат берілген еді.

Дегенмен, америкалық шабуылшы бұл ойында нәтижелі қимылдарымен көзге түсе алмады, ал АҚШ құрамасы турнирді аяқтады.