Азия чемпионатындағы алғашқы екі алтын: Рамазан Әйінегов пен Ясмина Бузуртанова құрлық чемпионы атанды

Автор: Бақыт Шынар

Жарысқа Азияның ең мықты спортшылары қатысты

Фото: triathlon.org.kz

Қытайдың Сюйчжоу қаласында триатлоннан 2026 жылғы Asia Triathlon Super Sprint Elite, Youth & U15 Championship Азия чемпионаты өтті. Құрлық біріншілігіне Elite, Youth және U15 санаттарындағы Азияның ең мықты спортшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy триатлон федерациясына сілтеме жасай отырып.

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасына екі алтын медаль сыйлады.

Астана қаласының өкілі Рамазан Айнегов Youth (U17) санатында суперспринт қашықтығында Азия чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы мәреге 25:49 нәтижесімен бірінші болып жетті. Алтын медаль үшін тартыста ол Жапония өкілі Канта Инеден небәрі бір секундқа озып кетті (25:50). Қытайлық Динхань Чжоу 26:11 нәтижесімен қола жүлдеге ие болды.

Ақмола облысының спортшысы Ясмина Бузуртанова да тамаша нәтиже көрсетіп, U15 жас санатында Азия чемпионы атанды. Ол жарысты 30:56 нәтижесімен аяқтап, күміс жүлдегер қытайлық Цзыхань Яннан үш секундқа жылдам болды. Үшінші орынды Тайланд спортшысы Питчанарт Срипиром иеленіп, мәреге 31:01 уақыт көрсеткішімен келді.

Жарыстың екінші күні, 14 маусымда Қазақстан құрамасы аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алды. Команда құрамында Алуа Нұрмұхамет (Астана), Гор Депершмидт (Ақмола облысы), Калерия Шнейдер (Шымкент) және Альхам Мұрат (Түркістан облысы) өнер көрсетті.

Бұл нәтижеге ерекше мән беретін жайт – эстафеталық құрамның еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген спортшылардан жасақталуы. Астана, Ақмола және Түркістан облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының өкілдері бір команда болып өнер көрсетіп, ұйымшылдықтың, өзара қолдаудың және ортақ мақсатқа ұмтылыстың үлгісін көрсетті.

Мұндай тәсіл қазақстандық триатлонды дамытудағы маңызды қадам болып табылады және Қазақстан триатлон федерациясы ұзақ жылдар бойы қалыптастыруға ұмтылған ұлттық құраманың үлгісін айқын көрсетеді. Аралас эстафетадағы күміс медаль жоғары спорттық нәтиже ғана емес, сонымен қатар өңірлердің бірлігі мен ұлттық құраманың күш-қуатының жарқын дәлелі болды.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жас спортшылардың жоғары дайындық деңгейін және құрлықтық аренадағы мықты позициясын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тегтер: