Абылай Шәкірбеков панкратионнан үш дүркін Азия чемпионы атанды

Автор: Дәулет Ботагөз

Спортшы 93 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті

Фото: ІІМ Ұлттық ұланы

Қазақстандық спортшы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, зор жеңіске қол жеткізді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының мүшесі Абылай Шәкірбеков панкратионнан Азия чемпионатының алтын медалін еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл күндері панкратионнан айтулы құрлықтық біріншілік Вьетнамның Дананг қаласында жалауын желбіретті. Дүбірлі додада бақ сынаған отандық палуан қарсыластарынан басым түсіп, турнирдің ең биік сатысына көтерілді. Спортшы 93 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша ол құрлық біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алды.

Бұл тарихи жеңіс Абылай Шәкірбековке спорттық мансабында үшінші рет Азия чемпионы атағын қорғап қалуға мүмкіндік берді. Осылайша, ол халықаралық деңгейдегі жоғары дайындығы мен тұрақты нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.

Вьетнам төрінде көк туымызды желбіреткен Азия чемпионы елге оралды. Астана қаласының халықаралық әуежайында салтанатты күтіп алу рәсімі өтті.

Жеңімпазды Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері, спорт майталмандары, жаттықтырушылар, сондай-ақ оның ет жақындары, туған-туыстары мен достары үлкен қошеметпен қарсы алды.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі спортшының бұл жетістігінің әскери қызметшілер мен өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Ұлан сарбаздарының халықаралық жарыстардағы мұндай ірі жетістіктері еліміздің спорттық имиджін нығайтуға үлкен үлес қосады. Сондай-ақ бұл жеңістер жас ұрпақ үшін әрқашан лайықты әрі үлгілі өнеге болып қала бермек», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.