Рыбакина бір күнде екі матч өткізіп, Лондон турнирімен қоштасты

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандық теннисші ширек финалда Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге жол берді

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Маусымдағы шөп төсенішіндегі алғашқы матчын өткізгеннен кейін Елена Рыбакина (2) сол күні екінші кездесуіне де шықты. WTA 500 санатындағы Queen’s Club Championships турнирінің ширек финалында қазақстандық теннисші Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге (73) 5:7, 6:2, 4:6 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Лондондағы турнир ұйымдастырушылары күннің ашылып, ауа райының жақсарғанына байланысты қолайсыз ауа райынан кейін бұзылған жарыс кестесін қалпына келтіруге кірісті. Осыған байланысты Рыбакинаға былтырғы чемпион, Германия өкілі Татьяна Мариямен (52) өткен қиын матчтан кейін сол күні тағы бір кездесу өткізуге тура келді.

Мұндай жағдай Лондонда өнер көрсетіп жатқан теннисшілердің басым бөлігіне қатысты болды. Бұл тек жекелей сында ғана емес, жұптық бәсекелерде де орын алды.