Әлем чемпионаты Латын Америкасындағы ең үлкен футбол стадионында салтанатты түрде ашылды. Турнир аясында Солтүстік Американың 16 қаласында 104 матч өткізу жоспарланған
Мехикода 12 маусымға қараған түні АҚШ, Канада және Мексика аумағында алғаш рет бірлесіп өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ауқымды ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Турнирдің ресми әнұраны – «Dai Dai» әнін Шакира мен Burna Boy орындады. Концерттік бағдарламаға сондай-ақ Андреа Бочелли, David Guetta, EJAE, Maná рок тобы және басқа да жұлдыздар қатысты. Ашылу салтанатында мексикалық-америкалық актриса Сальма Хайек сөз сөйледі.
Рәсімнен кейін «Ацтека» стадионында чемпионаттың алғашқы матчы өтті. А тобының бірінші турындағы кездесуде Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының командасын 2:0 есебімен жеңді.
Ойын Латын Америкасындағы ең ірі футбол стадионында өтті. Арена 87,5 мың көрерменді қабылдай алады.
Турнир аясында барлығы үш ресми ашылу рәсімі өтеді. Қалған екеуі жұма және сенбі күндері Торонто мен Лос-Анджелесте ұйымдастырылады. Сол күндері әлем чемпионатының қожайындары да алғашқы ойындарын өткізеді: Канада құрамасы Босния және Герцеговинамен кездессе, АҚШ құрамасы Парагвайға қарсы алаңға шығады.
2026 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихындағы ең қымбат мундиаль атанды. Турнирге рекордтық көрсеткіш – 48 ұлттық құрама қатысып жатыр. Жалпы Солтүстік Американың 16 қаласында 104 матч өткізу жоспарланған. Финалдық кездесу 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді.
Қатысушылар санының 32 командадан 48 командаға дейін ұлғаюының арқасында Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетеді. Ал әлемнің төрт дүркін чемпионы Италия құрамасы қатарынан үшінші рет іріктеу кезеңінен өте алмады.
Турнир басталар алдында ұйымдастырушылар билет бағасының қымбаттығы, жанкүйерлерге арналған тұру және көлік шығындарының жоғары болуы, сондай-ақ Мехикодағы наразылық акциялары үшін сынға ұшырады. Алайда бұл жағдайлар ашылу рәсімі мен алғашқы матчтың өтуіне кедергі келтірген жоқ.
Қазақстан құрамасы Солтүстік Америкада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды. Команда былтыр қазан айында іріктеу кезеңіндегі жарысты аяқтап, өз тобында төртінші орын алған болатын.
Қазақстан аумағында әлем чемпионатының матчтарын тікелей эфирде Qazsport және Qazaqstan телеарналары көрсетеді. Қазақстан уақыты бойынша ойындардың басым бөлігі түнде немесе таңсәріде өтеді.