Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте көш бастады

Автор: Алмас Ерсін

Norway Chess Women турниріндегі жеңіс қазақстандық шахматшыға 29,7 ұпай әкеліп, оны FIDE сериясының көшбасына шығарды

Фото: instagram.com/bibisarachess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FIDE Women’s Circuit 2026–2027 рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оған бұл жетістік Norway Chess Women турниріндегі жеңісінің арқасында бұйырды. Нәтижесінде қазақстандық спортшы бұған дейін рейтингте көш бастап тұрған үндістандық Вайшали Рамешбабуды басып озды.

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мамыр айындағы турнирлердің қорытындысы бойынша FIDE Circuit 2026–2027 рейтингінің жаңартылған нәтижелерін жариялады.

Әйелдер арасындағы рейтингте ең үлкен өзгерістер мамыр және маусым айларында FIDE Women’s Circuit сериясына кіретін Norway Chess Women турнирінен кейін тіркелді.

Аталған жарыстағы жеңіс Бибісара Асаубаеваға 29,7 ұпай әкеліп, жалпы есепте бірінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.

Екінші орынға Norway Chess Women турнирінде 21,6 ұпай жинаған қытайлық шахматшы Чжу Цзиньэр көтерілді. Осылайша екі спортшы да бұған дейін рейтинг көшін бастап тұрған үндістандық Вайшали Рамешбабуды артта қалдырды. Қазір ол үшінші орында тұр.

Ал FIDE Circuit ашық рейтингінде көшбасшылықты өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов сақтап қалды.

Мамыр айындағы турнирлерден кейін ол жерлесі Жавохир Синдаровтан аз ғана басымдықпен алда келеді.

Абдусатторов TePe Sigeman турнирінде 7,25 ұпай жинаса, Синдаров Super Chess Classic Romania жарысында 8,53 ұпай еншілеп, көшбасшыдан арадағы айырманы қысқартты.

Үшінші орында америкалық гроссмейстер Фабиано Каруана тұр. Ол Super Rapid and Blitz Poland және Super Chess Classic Romania турнирлеріндегі жүлделі орындарының арқасында өз көрсеткішін 28,93 ұпайға жеткізді.

Айта кетейік, FIDE Circuit – әлемдік шахмат цикліндегі ең маңызды жарыстарға қатысушыларды анықтайтын турнирлер сериясы.