Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы биыл 4 маусым күні ресми түрде ашылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Бас прокурор Берік Асыловпен бірге Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионын аралап көрді. Бұл стадион жемқорлардан қайтарылған ақшаға қайта салынып біткен, деп жазады Azattyq Rýhy .
«Стадионның құрылысын толықтай аяқтадық. Аңызға айналған бұл стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады және бүгін ол қайта жаңғырып, заманауи келбетке ие болды. Бас прокурор Берік Асыловпен бірге құрылыс жұмысы толық аяқталған нысанды аралап көрдік. Стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынды», - деп жазған Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің мәліметіне сүйенсек, стадионның ауданы 18 мың 951 шаршы метр. Стадион UEFA-ның 2-санатына сай келеді және 3600 көрерменге арналған. Қасымбекетің мәліметіне сүйенсек, стадион ресми түрде биыл 4 маусым күні ашылады.
«Дәл осы күні 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында өтеді. Чемпионатқа еліміздің түрлі өңірлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері мен футболшылар даярлау орталықтары атынан ең мықты 15 команда қатысады», - дейді әкім.
Стадион Астанадағы Астана қаласы әкімдігінің «№8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» балансында болады.