«20 жылдан кейінгі алтын»: Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ қызы чемпион атанды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Таеквондошы Айым Серікбаева қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды

фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстан таеквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Айым Серікбаева алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жерлесіміз финалда мексикалық Понсе Нуньес Дару Ширлиді 2:0 есебімен жеңді.

«Бұл алтын медаль қазақ таеквондосы үшін тарихи сәтпен пара-пар. Қазақстан соңғы рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2006 жылы алтын медаль жеңіп алған еді. Осылайша, 20 жылдан кейін «алтын» қайтадан ұлттық құраманың қоржынына түсті», — деп хабарлады Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі.

Бұған дейін Айым Серікбаева Азия чемпионы атанып, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы болған. Сондай-ақ бұл чемпионатта Қазақстан құрамасы қоржынына Ерасыл Ерзат пен Ислам Медетбай еншілеген екі қола медаль түсті.

Ташкенттегі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.