Ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбай Азия чемпионы атанды

Автор: Асыл Арман

Айбек Оралбай Азияның үш дүркін чемпионы атанды

Фото: Olympic.kz

Ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші алтын медальді салды.

85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық боксшы өзбекстандық Жасурбек Юлдошевке қарсы шаршы алаңға шықты.

Оралбай жекпе-жекті сенімді бастап, алғашқы үшминуттықты 5:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Екінші раундта да басымдық танытып, жеңіске біртабан жақындай түсті.

Нәтижесінде Нұрбек төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Ал оның егіз бауыры Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақтың ақтық сынында Қытай өкілі Байикевузи Данабикемен кездесті.

Алғашқы раундта Айбек Оралбай 3:2 есебімен басым түсті. Екінші үшминуттықта да жерлесіміз соққыларын дәл дарыта білді. Тіпті, үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) күміс медальға ие болса, Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) жарысты қола медальмен аяқтады.