Қазақстандық семсерлесушілер Әлем кубогын жеңіспен бастады

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар өз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді

Фото: olympic.kz

Астана қаласында өтіп жатқан шпагамен семсерлесуден Әлем кубогында ел намысын қорғайтын Руслан Құрбанов пен Кирилл Проходов іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Ұлттық құрама көшбасшылары алғашқы айналымда-ақ жоғары дайындықтарын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарыс жолына шыққан қазақстандық қос спортшы да өз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге — ТОП-32 тізіміне енді. Руслан Құрбанов ресейлік спортшыны қапы қалдырып, кездесу тізгінін қолдан шығармады. Кирилл Проходов Франция өкілінен басым түсіп, турнирдің келесі сатысына жолдама алды.

Құрама көшбасшылары туралы не білеміз?

Айта кетейік, Руслан Құрбанов — Қазақстан құрамасының негізгі тірегі, әлем чемпионатының қола жүлдегері және халықаралық аренада мойындалған үздік семсерлесуші. Ал Кирилл Проходов — жастар арасындағы Азия чемпионатының жүлдегері, құрама сапында өз орнын нығайтып келе жатқан болашағынан үміт күттіретін спортшы.

Финал қашан болады?

Енді спортшыларымыз негізгі кезеңге өту үшін шешуші жекпе-жектер өткізеді. Жарыстың финалдық кезеңі бүгін сағат 17:30-да «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешенінде басталады.