Ербол Хамитов ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленген
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент атап өткендейғ бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік.
«Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық», - деді президент.
Президент бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын білдірді. Дәлірек айтсақ, мемлекет басшысы Ербол Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.
«Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді», - деді Тоқаев.