Ол құрлықтық додада жоғары дайындығын көрсетті
Жапонияның Номи қаласында спорттық жүруден өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшысы Ясмина Тоқсанбаева күміс жүлде иеленді. 21 жастағы жерлесіміз құрлықтық додада жоғары дайындығын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайыс шарты бойынша спортшылар белгіленген шеңберді 21 рет айналып өтуі тиіс болды.
Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 37 минут 15 секундта жүріп өтіп, мәре сызығын екінші болып кесті.
Айта кетейік, Ясмина үшін Номи қаласындағы жол жат емес. Өткен жылы дәл осы жерде ол үшінші орын алған еді. Биыл спортшы өз нәтижесін жақсартып, тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Бұл Ясминаның биылғы маусымдағы алғашқы ресми жарысы екенін де айта кеткен жөн.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионатын 7 медальмен аяқтаған еді.