«Әрдайым ұлының жанында болған адам»: Тоқаев Станислав Шайдоровқа құрмет танытты
Президенттің пікірінше, әкесі ұлының жеңісі үшін аянбай тер төккен
Бүгін Ақордада қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын қабылдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар. Бүгінде халқымыз Сіздерді ардақ тұтады. Отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткендеріңіз үшін еліміз Сіздерге ризашылығын білдіреді. Жұртшылықтың алғаусыз алғысы мен құрметіне мен де қосыламын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін президент Михаил Шайдоров пен оның әкесін мемлекеттік наградалармен марапаттады.