Александр Бублик Гонконгта топ жарып, үздік ондыққа енді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол әлемнің алдыңғы қатарлы теннисшілерін қапы қалдырды

Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші Александр Бублик кәсіби мансабындағы ең ірі жетістікке қол жеткізді. Гонконгта өткен ATP 250 турнирінің финалында әлемнің алдыңғы қатарлы теннисшілерін қапы қалдырған отандасымыз чемпион атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бублик Музеттиді қалай жеңді?

Турнирдің шешуші матчында Бублик әлемнің жетінші ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен кездесті. Бұл ойын турнирдің бірінші және екінші нөмірлі спортшыларының нағыз текетіресіне айналды.

Бірінші сет: Ойын өте тартысты басталды. Екі теннисші де қателікке бой алдырмай, жеңісті тай-брейкте сарапқа салды. Александр салқынқандылық танытып, 7:2 есебімен басым түсті.

Екінші сет: Алғашқы партиядағы жеңістен кейін Бублик ойын тізгінін толық қолға алды. Ол өз басымдығын арттырып, екінші сетті 6:3 есебімен аяқтады.

Әлемдік рейтингтегі рекорд

Бұл жеңістің бағасы тек чемпиондық кубокпен ғана шектелмейді. Гонконгтағы турнирден кейін Александр Бублик рейтингтік ұпайларын едәуір еселеді.

12 қаңтарда жарияланатын жаңа ATP рейтингінде Александр Бублик өз мансабында алғаш рет әлемнің 10-ракеткасы атанады.