Қазақстандық кәсіпқой боксшы чемпиондық атағынан бас тартты

Автор: Алмас Ерсін

Бекман Сойлыбаев таяуда өзбек Абдулло Кучкаровты жеңген болатын

Фото: pixabay

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев екінші жеңіл салмақтағы UBO чемпионы атағынан бас тартты. Бұл туралы оның менеджері Жанпейіс Назарғали мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бекман UBO чемпионы белбеуін босатты. Біздің жоспарымыз өзгеріп отыр, титулды қорғаудан бас тарттық. Өйткені, оған алға қарай жылжу керек. Қазіргі таңда виза алу мәселесімен айналысып жатырмыз. Алдымызда Рамазан айы келе жатыр. Ол ауыз бекітеді. Сондықтан Сойлыбаевтың келесі жекпе-жегі шамамен жаздың басында болады деп жоспарлап отырмыз. Біз қазір жаңа қарсыластармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Шетелде титул үшін үлкен кездесу болады», - деді Назарғали.

Бекман Сойлыбаев 27 желтоқсанда Алматыдағы бокс кешінде өзбек Абдулло Кучкаровпен жұдырықтасқан болатын. Қарсыласы екінші раундтан кейін жекпе-жектен бас тартып, төреші техникалық нокаут тіркеді.