«Өмір бойы төрде отырамын деп ойлап қалдым»: Бейбіт Ыстыбаев неге өкінді

Автор: Алмас Ерсін

Спортта режимді бұзбаған адам ғана чемпион болады, дейді балуан

Фото: instagram.com/istybayev_beibit/

«Қазақстан барысының» үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында кезінде спортқа дұрыс көңіл бөлмегені үшін өкінетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір спортшылармен сөйлескенде бір нәрсені түсінбейтінін байқаймын. Чемпион болғаннан кейін өмір бойы қошемет көремін, төрде отырамын деп ойлап қалады. Бірақ олай емес екен. Бұл уақытша өмір. Өзім де солай ойладым», - дейді Ыстыбаев.

Ол сондай-ақ спортшылар жылдам өкпелеп қалатынын, мінезі ауыр болатынын атап өтті.

«Оларды бір жерге жұмсаудың да өз жөні бар. «Бар, алып кел!» десең ешкім айтқаныңды істемейді. «Айналайын, ботақаным, палуан, бізге қарағанда жеңілдеусің ғой, барып келші» десең, алып келеді. Осындай кезеңнен біз де өттік», - деп толықтырды балуан.

Оның айтуынша жастар уақыттың қадірін түсінбейді.

«Біздің өзіміз кеш түсіндік. Әлем чемпионы болатындай мүмкіндік болды. Сол кезде дұрыс жаттығу жасамадым, баратын жерге бармадым, ұйықтап қалдым. Жас кезімде қырсықтау болдым, өзіңе сенімдісің, саған жақын тұрған адам жоқ екенін білесің. Содан кейін жата саласың, бармай қаласың. Таразда мені жаттықтырған Серік ағамның жыны келетін. «Бейбіт, сенің де орныңды басатын біреу келеді» деп айтатын. Ұрайын десе, жігіт болып қалғанбыз. Спортта режимді бұзбаған адам ғана чемпион болады», - деп түйіндеді ол.