Қазақстан командасы 45 мемлекеттің ішінде 5-ші орынға тұрақтады
Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 68 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар. Жалпы медальдық есепте Қазақстан командасы 45 мемлекеттің ішінде 5-ші орынға тұрақтады.
«Аталған жарыста Қазақстан атынан 60 спортшы 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Жарыс барысында спортшыларымыз пара жүзуден 34 медаль, пара қол күресінен 11 медаль, пара үстел теннисінен 7 медаль, пара жеңіл атлетикадан 6 медаль және пара пауэрлифтингтен 6 медаль жеңіп алды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар голболдан ұлттық құрама алтын медальға, боччадан күміс медальға, ал пара таеквондодан бір күміс және бір қола медальға қол жеткізді. Пара садақ атудан Қазақстан атынан бір спортшы қатысып, бұл спорт түрі бойынша жүлде тіркелген жоқ.
«Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында еліміздің спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жетістік – мемлекеттік қолдаудың, бапкерлер мен медициналық персоналдың, сондай-ақ ата-аналардың бірлескен еңбегінің жемісі. Сонымен қатар бұл ойындар жас спортшылар үшін халықаралық аренада тәжірибе жинауға, халықаралық классификациядан өтуге және өз нәтижелерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды жарыс болды», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының спорт басқармасының басшысы Қайрат Сейтбеков.
Айта кетері, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.