Жарыс Дубайда өтіп жатыр
Бүгін, 13 желтоқсан күні қазақстандық төрт боксшы Дубайда өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) Әлем чемпионатының финалында жұдырықтасады. Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар алтын үшін бақ сынайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy sports.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасының сапынан финалға шыққан спортшылар: Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) және Сабыржан Аққалықов (75 келі).
Олардың арасында үш боксшы Ресей спортшыларымен, біреуі Тәжікстан боксшысымен кездеседі.
Жанкүйерлер үшін ең маңызды ақпарат – жекпе-жектердің басталу уақыты. Сәкен Бибосынов (54 кг) финалдық айқасты ең бірінші болып бастайды, ол 18:30-да Ресей спортшысы Вячеслав Рогозинмен кездеседі. Одан кейін, 18:45-те Оразбек Асылқұлов (57 кг) Тәжікстаннан келген Хусравхон Рахимовқа қарсы шығады. Кешкі бағдарламаның орта тұсында, 19:45-те Абылайхан Жүсіпов (71 кг) тағы бір ресейлік Сергей Колденковпен жұдырықтасады. Ал қазақстандықтар арасындағы соңғы жекпе-жек 20:00-де басталады: Сабыржан Аққалықов (75 кг) Исмаил Муцольговпен (Ресей) кездеседі.
Жекпе-жектердің тікелей трансляциясы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми YouTube-арнасында қолжетімді болады.