Софья Берульцева каратэден әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Отандасымыз шешуші кезеңнің қорытындысы бойынша германиялық каратэшіден жеңілді
Қазақстандық каратэші Софья Берульцева Каирде (Мысыр) өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медальға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше 68 келіден жоғары салмақтың финалында Берульцева Германия спортшысы Йоханна Кнермен кездесті.
«Шешуші кезеңнің қорытындысы бойынша германиялық каратэші жеңіп, Софья жарысты күміс медальмен аяқтады», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, сондай-ақ Дидар Әмірәлі (67 келіге дейін) мен Әсел Қанай (61 келіге дейін) да жүлдеге ие болды. Олар жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошылар Абу-Дабидегі Grand Slam турнирін бір жүлдемен аяқтағанын жазған едік. Финалдық кезеңге дейін отандастарымыздың ешбірі жете алған жоқ. Тек 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова қола жүлдеге ие болды.